
| Бақанас аграрлы-индустриалдық колледжінің жатақханасының жобалық қуаттылығы 360 орынға арналған. Жатақханадан орын қажет еткен студенттер жатақхана орнымен толық тегін қамтамасыз етіліп, жағдай жасалған. 4 қабатты колледж жатақханасының 1-2 қабаты іске қосылған, ондағы жатын орны 160 жатын орынға арналған. Жатақхананың бір секциясында 2 және 3 орынға арналған бөлме бар. Барлық бөлмелер төсек орынмен және жабдықтармен, жиһаздармен толық қамтылған. |
Жатақханада барлығы 60 студент бар. Оның ішінде 19 қыз бала, 41 ер бала. Жатақханадағы студенттердің әлеуметтік санаты көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан.
Студенттік жатақханаларды бөлу барысының ашықтығын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу бойынша «Сенім жәшігі» қойылған. Жатақханада тұратын студенттердің құқығы мен міндеттері, бөлмелерді беру, бөлмелерге орналастыру, жатақханаға кіріп-шығу тәртіптері, жатақхана тұрғындарының қауіпсіздігі үшін студенттерге арналған ішкі тәртіп ережесі бекітілген.

Колледж жатақханасы студенттерді жаңа талап-тәрбиеге жылдам бейімделуіне жағдай жасайды. Жатақханада тұратын студенттердің оқуға дайындалуына, демалуына, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндіктері бар.
Жатақханада демалыс бөлмесі, техникамен жабдықталған тұрмыс бөлмелері, кітапхана бар. Студенттер барлық заттармен қамтамасыз етілген: тоңазытқыштар, кабельді теледидар, компьютер, жаңа жиһаз, кір жуатын машиналар, жуынатын кабиналар.
Қауіпсіздік шараларын арттыру мақсатында жатақхана сандық бейнебақылаумен жабдықталған. Әртүрлі іс-шаралар өткізуге арналған акті залы бар.
Оқу жылының бірінші күнінен бастап студенттер қоғамдық өмірге тартылған. Студенттік өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыру, тәрбие үрдісін жақсарту мақсатында студенттік кеңес құрылған.
Жатақханада тұрып жатқан колледж студенттері шығармашылық үйірмелер және спорттық секциялар жұмысына белсенді қатысады. Бұл «Жайдарман» көңілділер және тапқырлар клубы, «Жұлдыз-ай» би тобы, футбол, баскетбол, тоғыз құмалақ, шахмат, дойбы секциялары.
Студенттер үшін жатақханада «Қолөнер» үйірмесі жұмыс істейді. Жыл бойы студенттер тігін машинасымен жұмыс жасауды, тігу және пішу, тоқу ісін үйренеді. Студенттер өз қолымен орындықтарға тыс, үстелге дастархан, жатақхана үшін төсек-орын жаймаларын тігіп береді.
Техникалық қауіпсіздік бойынша ақыл-кеңес беріліп, «Техникалық қауіпсіздік журналы» толтырылып отырады. Жатаханада өрт сөндіру құрылғылары, қабырға ақпараттары мен эвакуация жоспарлары бар.
Жатақхана тұрғындарына қызмет көрсету деңгейі барлық талаптарға сай. Колледж студенттері жарық әрі жылы бөлмелерде тұрады. Оқытушылар, тәрбиешілер, психолог студенттермен үнемі әңгімелесу арқылы жеке кеңестер береді.

Жатақхана бөлмелері




